Алматыда бейнебақылау камераларынан айласын асырмақ болған жүргізуші сотталды
Алматыда көлік нөмірін жасырған жүргізуші сотталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда бейнебақылау камераларынан айласын асырмақ болған 27 жастағы Toyota Mark II көлігінің жүргізушісі ұсталып, сот шешімімен әкімшілік жазаға тартылды.
Сүйінбай даңғылында патрульдік полиция қызметкерлері күдік тудырған көлікті тоқтатып, тексеру барысында оның алдыңғы нөмірін жасырын механикалық құрылғы арқылы аударып отыратынын анықтады.
— Қаланың бейнебақылау жүйесі арқылы бұл көлікке назар аудардық. Жүргізуші арнайы пульттің көмегімен мемлекеттік нөмірді аударып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Бұл әрекет өзге жол қозғалысына қатысушылар үшін қасақана қауіп төндірді. Заңсыздықты анықтаған тәртіп сақшылары көлік иесін ұстады, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Сот шешімімен құқықбұзушы ҚР ӘҚБК-нің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде ол 3 тәулікке қамауға алынып, 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Алматы қалалық полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады және заңсыз әрекеттерден бой тартуға кеңес береді.