Алматыда белсенді ПИК және ОСИ өкілдері марапатталды
Алматыда белсенді ПИК және ОСИ өкілдері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында ПИК төрағалары мен ОСИ директорларымен кездесулер өткізу дәстүрі жалғасуда. Қалалық полиция басшылығы олардың тиімді жұмысына және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі үлесіне жоғары баға берді. Басқосу барысында полиция мен қоғам өкілдері қала тұрғындары тығыз орналасқан аудандардағы қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Президент 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында елдегі “Заң мен тәртіпті” қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған байланысты ішкі істер министрі 2025 жылды Профилактика жылы деп жариялады. Алматы қалалық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Қуатбек Науатов бұл бағытта қоғамдық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
- Қоғамдық қауіпсіздік азаматтардың өмірін, денсаулығы мен әл-ауқатын, қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын қорғау жағдайын көрсетеді. Қоғамдық тәртіпті тек қана бірігіп сақтауға болады. Бірлік бар жерде күш бар! Бірлескен ынтымақтастық бізге елді мекендердегі қауіпсіздік жағдайын бақылауға, бұзушылықтарды бастапқы кезеңде тиімді анықтауға, туындаған мәселелерге жедел ден қоюға және бір-бірімізге өзара қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Жиын соңында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсене атсалысқан ПИК және ОСИ өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.
Алматы полициясы көп жылдан бері ПИК өкілдерімен тығыз жұмыс істеп келеді. WhatsApp мессенджерінде 3 мыңнан астам үй мен аула тұрғыны қамтылған чат құрылған, оған 800 мыңға жуық азамат қосылған. Бұл жүйе арқылы тұрғындар учаскелік инспекторлармен тікелей байланысып, өзекті мәселелерді жедел шешу мүмкіндігіне ие болды.
- Чат жұмысының арқасында ПИК төрағалары ғана емес, сонымен қатар әрбір тұрғын өзекті мәселелерді шешу үшін учаскелік полиция инспекторына тікелей хабарласуға мүмкіндігі бар. Бұл, айтпақшы, қылмыстық және түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін азаматтармен жедел ақпарат алмасуға мүмкіндік береді, – деді Қуатбек Науатов.