Алматыда "Демалыс" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Алматыда "Демалыс" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматы қаласында "Демалыс" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. ЖПІШ 1 қарашаға дейін жалғасады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының демалыс кезеңінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қараусыздық деректерін және жасөспірімдердің ересектердің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшеде жүру жағдайларын анықтау.
Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанованың айтуынша, жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жүргізілуде.
- Біздің мақсатымыз – тек құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, ең алдымен олардың алдын алу. Осы күндері ювеналдық полиция қызметкерлері ұстаздармен, жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен және ата-аналар комитеттерімен бірлесіп, профилактикалық рейдтер өткізуде, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларды аралап, жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әрбір баланың заңмен қорғалуын қамтамасыз етуге тырысамыз, – деді Жанна Шонжанова.
Іс-шараның бірінші күнінде түрлі құқық бұзушылықтар үшін ішкі істер органдарына 122 кәмелетке толмаған бала жеткізілді, 11 қолайсыз отбасы мен 12 құқық бұзушы-жасөспірім анықталды.
Түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүрген 96 жасөспірім ұсталып, олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ата-аналарынсыз Алматыда жүрген 12 өзге өңірдің жасөспірімі балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
 
						
 
											