Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда электросамокат жүргізушілеріне қатысты профилактикалық шаралар күшейтілді

Алматы қаласында полицейлер жеке мобильді құралдарды қолданушылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдтік шараларды жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері электросамокат пен электровелосипед жүргізушілері тарапынан 11 922 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Тек соңғы тәуліктің өзінде 1 076 ереже бұзу дерегі анықталды, оның ішінде:

  • Жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын талаптарды бұзу – 846 жағдай;

  • Жаяу жүргіншілер мен өзге де қатысушылар тарапынан қозғалыс ережелерін бұзу – 229 жағдай;

  • Ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамауы – 5 жағдай.

Рейд барысында тәртіп сақшылары тротуарлар мен жолдың жүру бөлігінде қараусыз қалдырылған самокаттарды да анықтап отыр. Бұл жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігіне кедергі келтіреді. Нәтижесінде 69 самокат арнайы тұраққа қойылды.

- Қазір электросамокаттар қалалық өмірдің бір бөлігіне айналды. Алайда, олардың қолданылуына байланысты құқық бұзушылықтар саны да көбейіп отыр. Заң бәріне ортақ. Жеке жауапкершілік самокат жүргізушілеріне де, егер кәмелетке толмағандар жайлы болса, олардың ата-анасына да жүктеледі. Профилактика жылы аясында біз тек жазалау шараларын ғана емес, түсіндіру жұмыстарын да жүргіземіз: ережелерді түсіндіреміз, ескерту жасаймыз, оқытамыз. Бірақ басты басымдық – балалардың қауіпсіздігі мен жолдардағы тәртіп. Сондықтан полиция кез келген құқық бұзушылыққа қатаң шара қолданады, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Сонымен қатар, кикшеринг қызметін ұсынатын компаниялардың бірі полицияға 50 самокат пен қорғаныс дулығалары жиынтығын өтеусіз беру жөнінде келісім жасады. Бұл патрульдеуді жеңілдетіп, жол ережелерін бұзушыларды анықтау ісінде тәртіп сақшыларының мобильділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Алматы полициясы тұрғындар мен қала қонақтарын электросамокат пен электровелосипедті пайдаланғанда тәртіпті сақтауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауға шақырады. Бұл жолдағы апат санын азайтып, барлық қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру