Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда есептегі сотталғандар мекенжайы бойынша тексерілді

Алматы қаласындағы Алатау ауданында 400 мыңға жуық тұрғын бар. Бұл аудан қаланың шетінде орналасқандықтан, негізінен ауылдан көшіп келген тұрғындар шоғырланған. Қазіргі таңда Алатау ауданында пробациялық бақылау қызметінің есебінде 700-ден астам сотталған тіркелген, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталғандардың қылмыстық істерін талдайтын болсақ, олардың басым бөлігі денсаулыққа қасақана орташа немесе ауыр зиян келтіру, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, ұрлық және тонау қылмыстары үшін жауапқа тартылған.

— Осындай қылмыстарға баратындардың өміріне үңілсек, көбісі – жұмыссыз жастар. Уақытша қиындыққа шыдамай, алды-артын ойламай жасаған әрекеттерінің кесірінен болашағына балта шабады. Сондай-ақ алаяқтық үшін сотталғандар да жиі кездеседі. Мысалы, пробациялық бақылау қызметінің есебінде тұрғандардың басым бөлігі – алаяқтық пен ұрлық үшін сотталғандар. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 296-бабы бойынша, яғни есірткі және психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін жауапқа тартылғандар да бар, — дейді Алатау аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Руслан Мақсұтов.

Пробация қызметінің инспекторлары сотталғандарды айына бір рет тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп отырады. Сондай-ақ сотталғандардың өздері де айына екі рет пробациялық бақылау қызметіне тіркеліп, профилактикалық сұхбатқа қатысуы қажет. Бақылаудың тағы бір түрі – электрондық бақылау құрылғысын қолдану.

Аудан көлемінің үлкендігін ескерсек, әрбір сотталғанды үнемі бақылауда ұстау оңай емес. Осы ретте электронды құрылғылардың көмегі зор. Бұл жүйе сотталған адамның орналасқан жерін қадағалауға мүмкіндік береді. Электронды білезіктер, негізінен, қайта қылмыс жасауға немесе жаза өтеу тәртібін бұзуға бейім сотталғандарға тағылады.

Өткен жылғы мәліметтерге сүйенсек, Алматы қаласы Алатау аудандық пробация бөлімінің есебінде тұрған сотталғандардың 29-ы қайта қылмыс жасаған. Олардың арасында бұрын бірнеше рет сотталғандар да бар.

Елімізде “Есептегі тұлға” жедел алдын алу іс-шарасы тұрақты түрде өткізіледі. Осы шара аясында пробациялық бақылау қызметінің инспекторлары Алатау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, сотталғандардың тұрғылықты мекенжайларын тексерді. Нәтижесінде пробациялық бақылау тәртібін бірнеше рет бұзған сотталғандардың жазасы бас бостандығынан айырумен алмастырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру