Алматыда есептегі сотталғандардың қатысуымен ашық сот отырысы өтті
Алматы қаласы Алатау аудандық сотында Алатау ауданы прокуратурасының прокуроры, пробация қызметкерлері және есепте тұрған сотталғандардың қатысуымен ашық сот отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сот отырысында пробациялық бақылау қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың жаза өтеу тәртібі қаралып, бас бостандығын шектеу жазасын өтеп жүрген А. деген сотталғанның жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Себебі А. пробациялық бақылау тәртібін бұзып, тексеру кезінде тұрғылықты мекенжайында бірнеше рет болмай шыққан.
Сот барысында басқа сотталғандарға бас бостандығын шектеу жазасын өтеудің сот жүктеген міндеттерін бұзбау, қайта қылмыс жасамау, басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеу туралы түсіндірілді.
Алатау аудандық пробация қызметінің мамандары "Есептегі тұлға" алдын алу іс-шарасы аясында бүгінге дейін 350 сотталғанды тұрғылықты жері бойынша тексеріп, тексеру кезінде түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Тексеру барысында 20 сотталғанға ескерту берілді.