Алматыда есірткі қойып кетумен айналысқан шетелдік азамат ұсталды
Алматыда есірткі қойып кетумен айналысқан шетелдік азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы Бостандық ауданындағы Жандосов көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында жедел уәкілдер 26 жастағы жігітті ұстады. Оны жеке тінту барысында құрамында ерекше иісі бар ақ ұнтақ заты бар байламдар мен бумалар табылып, тәркіленді.
– Одан әрі шетелдік азаматтың уақытша тұратын жерінде тінту жүргізілді. Үйден құрамында ұқсас сипаттағы зат бар тағы 14 бума табылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-химиялық сараптама тағайындалды. Алдын ала мәлімет бойынша ұсталған азамат есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан. Қазіргі уақытта күдіктінің «жұмыс берушілері» мен шаһарды есірткімен қамтамасыз ету арнасын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, – деп қорытындылады Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабай.
Қазақстан ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.