Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда есірткі саудасымен айналысқан жігіт ұсталды

Алматыда есірткі саудасымен айналысқан жігіт ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында жүргізілген жедел іс-шара барысында есірткі саудасына қатысы бар 22 жастағы жігіт құрықталды. Ол Жетісу ауданындағы жеке сектор аумағында қолға түсті.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, күдікті синтетикалық есірткіні жасырын орындарға қалдырып, оның мекенжайы мен фотосуретін "жұмыс берушілеріне" жіберіп отырған. Осындай кезекті әрекеттерінің бірінде ол жедел уәкілдердің қырағы назарына ілініп, құрықталды.

Полиция департаментінің мәліметінше, тінту кезінде күдіктіден қызғылт түсті ұнтақ салынған тоғыз орама тәркіленді. Жас жігіт есірткі заттарын үшінші тұлғаларға өткізу мақсатында жасырып кеткенін мойындады. Қазір Алматыға "синтетиканы" жеткізу арналары мен қылмыстық топтың өзге де мүшелерін анықтау бағытында кешенді жедел іс-шаралар жүргізілуде. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қылмыстық процестің талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне орай өзге мәліметтер жарияланбайды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-бөлімі 1-тармағына және ҚР Қылмыстық кодексінің 19-бабының 1-тармағына сәйкес, соттың заңды күші бар үкімі шыққанға дейін кез келген азамат кінәсіз деп танылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру