Алматыда есірткі жарнамасымен айналысқан 22 жастағы жігіт қолға түсті
Алматыда есірткі жарнамасымен айналысқан 22 жастағы жігіт құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматының 22 жастағы тұрғыны шетелге көшу мүмкіндігі бар, жақсы жалақы алатын жұмысқа орналасу ұсынысын қабылдаған. Жас жігіт жұмыс берушінің барлық талаптарын мүлтіксіз орындауға кірісті. Онымен тек интернет арқылы байланысқан.
Жас жігіттің “қызметтік міндеттеріне” есірткі жарнамалау және насихаттау кірді: ол қала көшелеріне қылмыстық сайттардың кодтары бар плакаттар іліп, ғимараттардың қасбеттеріне жазулар жазған.
– “Суретші” ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктінің барлық “жұмыс құралдары” тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу басталып, іс материалдары сотқа жолданады, – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ілияс Өмірсеріков.
Сонымен қатар, Ілияс Өмірсеріков жастардың есірткі қылмысына жиі тартылатынына алаңдаушылық білдірді.
– Есірткі және онымен байланысты барлық нәрсе біздің жастар үшін табу болуы керек. Бұл – тұңғиыққа апаратын тура жол. Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы ұстанымымызды көрсетіп, “Есірткіге жол жоқ!” деп айтуымыз керек. Бұл жерде әрқайсымыздың рөліміз маңызды! – деді Ілияс Өмірсеріков.