Алматыда есірткіге қарсы "Чемпиондық рух" таңғы жаттығуы өтті
Алматыда есірткіге қарсы "Чемпиондық рух" таңғы жаттығуы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған "Чемпиондық рух" атты жастардың есірткіге қарсы жобасы аясында бұқаралық таңғы жаттығу ұйымдастырылды.
Шара "Динамо" спорт кешенінің аумағында өтіп, оған қала бойынша 1,5 мыңнан астам студент пен мектеп оқушылары қатысты. Науқан Алматы қалалық полиция департаментінің қолдауымен және "Жастар рухы" қозғалысымен бірлесіп өткізілді.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың айтуынша, мұндай бастамаларды өткізу жастардың өмірлік ұстанымдарын дұрыс қалыптастыруға және есірткі мен психотроптық заттарды пайдалануға деген тұрақты теріс көзқарас орнатуға ықпал етеді.
– Денсаулық мәдениетін қалыптастыру – нашақорлыққа қарсы тұрудың ең тиімді жолы. Алматы полициясы физикалық белсенділікті дамытуға және салауатты өмір салтына ынталандыруға бағытталған жобаларды жүйелі түрде қолдайды, – деді Мұрат Жұмабаев.
Шараға қатысушылар мен құрметті қонақтар қатарында Қанат Ислам, Ольга Шишигина, Азамат Даулетбеков, Арман Оспанов болды. Чемпиондар жастармен өз жетістік тарихтарымен бөлісіп, дамуға, өзіне сенуге және теріс әсерлерге бой алдырмауға шақырды.
"Чемпиондық рух" жобасы полицияның "Профилактика жылы" аясындағы алдын алу жұмыстарының бір бөлігі және Мемлекет басшысы жариялаған "Заң мен тәртіп" қағидатының негізінде жүзеге асырылуда.
