Алматыда есірткіге қарсы науқанға мыңнан астам болашақ дәрігер қатысты
Алматыда есірткіге қарсы науқанға мыңнан астам болашақ дәрігер қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Синтетикалық есірткінің зияны туралы дәрісті полиция қызметкерлері, наркологтар, “Наркостоп” жобасының еріктілері, психологтар мен мұғалімдер оқыды.
Кездесуге қатысушылар – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері.
– Бүгінгі жиынның мақсаты – нашақорлық пен есірткінің таралуына қарсы тұру. Ел Президенті өз Жолдауында синтетикалық есірткіні тұтынудың артуы ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Бұл ретте, полиция қызметкерлері есірткіге қарсы құқық бұзушылықтың алдын алу және оған қарсы күрес мақсатында, жалпыға білім беретін оқу орындары мен жоғары оқу орындарында профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Тиісті тақырыптар бойынша дәрістер әзірленді, бейнероликтер дайындалды, көрнекі әлеуметтік жарнамалар орналастырылды, ақпараттық парақшалар таратылды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.
Мамандар жастарға есірткі қылмысының алдын алу, жолын кесу, сондай-ақ есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және сол тектестердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік туралы айтып берді.
Сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу және психоактивті заттарды тұтынудың адам ағзасына тигізетін кері салдарының әсері, электронды темекі мен энергетикалық сусындарды пайдаланудың зияны туралы мәселелер талқыланды.