Алматыда есірткіге қарсы шараға 15 мыңнан астам тұрғын қатысты
Алматыда есірткіге қарсы шараға 15 мыңнан астам тұрғын қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 12 шілдеде Алматы қаласындағы “Медеу” биік таулы мұз айдынында салауатты өмір салтын насихаттауға және жастар арасында есірткі қолданудың алдын алуға бағытталған “Level Up” фестивалі өтті. Фестивальдің ұраны – “Таза болу – сәнді”.
Ауқымды шараға 15 000-нан астам адам қатысты: студенттер, жас мамандар, шығармашыл зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастар. Басты сахнада танымал қазақстандық орындаушылар өнер көрсетті.
Фестиваль Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүзеге асырып жатқан есірткі қылмысына қарсы кешенді жоспар аясында, Алматы қаласы әкімдігінің және LK Production продюсерлік орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Шараның негізгі идеясы – жастарға зиянды әдеттерден аулақ болу жай ғана маңызды емес, нағыз сәнді, заманауи және стильді екенін жеткізу.
— Бүгін осындай маңызға ие фестивальде болу – мен үшін үлкен қуаныш. Фестивальдің мақсаты – сіздерге тек жақсы көңіл-күй сыйлау ғана емес, ең бастысы, салауатты өмір салтын насихаттау және жаман әдеттерден аулақ болу. Зиянды әдеттер – бұл болашақты жоққа шығаратын қасірет. Біз, полиция қызметкерлері, сіздің өміріңіз бен болашағыңызды қорғауға бар күш-жігерімізді саламыз. Бірақ ең басты қорғаушы – бұл өздеріңіз! Дұрыс таңдау жасау – бәріміздің жеңісіміз. Мұндай іс-шаралар жастарды ізгілікке, бірлікке, өнер мен спортқа баулиды, - деді, Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Әлішер Сары.
Фестиваль аясында тақырыптық флешмобтар, интерактивті алаңдар, алдын алу ойындары және фотоаймақтар ұйымдастырылды. Көптеген қатысушылар өз әсерлерімен әлеуметтік желілерде бөлісіп, күннің басты үндеуін – “Таза болу – сәнді” кеңінен таратты.
Ұйымдастырушылар мұндай шаралар игі дәстүрге айналып, өмірді, қозғалысты, саналы таңдауды таңдайтын ұрпақтың қалыптасуына септігін тигізетініне сенім білдірді.