Алматыда Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған ерлік сабағы өтті
Алматы полиция департаментінің қабырғасында кезекті ерлік сабағы өтті. Бұл жолы ондаған бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін құрбан болған халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алуға арналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға «Капитан Байтасов» кітабының авторы журналист Тоқнияз Кучуков қатысты. Ол қызметкерлерге кітап жазу идеясы мен осы жобаның ерекшеліктері туралы айтып берді.
– Басты мақсат – азаматтарды қорғау, қылмыспен күресу жүктелген жас полицейлерді отансүйгіштікке және рухани құндылықтарға тәрбиелеу, – деді Алматы қалалық ПД тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы Нариман Батаев.
Ғазиз Байтасов 1971 жылы 3 сәуірде Қазақ КСР Жамбыл облысы Түймекент ауылында дүниеге келген.
Қаһарман полицей Жамбыл облысы ішкі істер департаменті жол полициясы жеке батальонының 1 взводының командирі болды.
Ол 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында болған лаңкестік әрекет нәтижесінде ерлікпен қаза тапты.
Оған қайтыс болғаннан кейін 2011 жылы 5 желтоқсанда «Халық Қаһарманы» атағы берілді.