Алматыда интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған арнайы құрал-жабдық анықталды
Алматыда интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған арнайы құрал-жабдық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, ҚР ІІМ КҚД, қалалық прокуратураның үйлестіруімен, сондай-ақ ҰҚК аумақтық бөлімшесі және байланыс операторымен өзара ықпалдастықта интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған "Sim-box" типтес арнайы құрал-жабдықты анықтап, тәркіледі. Жедел іс-шаралар барысында заңсыз трафик ұйымдастырған екі жас азамат ұсталды.
– Біз телекоммуникациялық жабдықты пайдалана отырып жасалатын қылмыстық схемаларды анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудамыз. Басты міндетіміз – заңсыз трафик арналарына дер кезінде тосқауыл қою, киберқылмыскерлердің әрекетіне бөгет жасау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Серіктес құрылымдармен өзара іс-қимыл мұндай қауіптерді тиімді анықтауға және бейтараптандыруға мүмкіндік береді, – деді Алматы қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптамалар тағайындалды. Құқыққа қайшы әрекеттің барлық жай-жапсарын және оған қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті кибералаяқтық – ең кең таралған қылмыс түрлерінің бірі екенін еске салады және оны төтенше негізде тоқтату жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын хабарлайды.
