Алматыда интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық шара ұйымдастырылды
Алматы қаласында полиция департаменті алаңында интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған полиция күштерінің бірлескен сап түзеуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға қоғам өкілдері мен прокуратура органдарының қызметкерлері қатысты.
Шараға саптық бөлімшелердің, сыртқы қызметтердің, жедел полиция блогының қызметкерлері, сондай-ақ қала әкімдігінің, "Аманат" партиясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жұмылдырылды. Негізгі назар халықпен түсіндіру және профилактикалық жұмыс жүргізуге бағытталды.
Акция аясында полиция қызметкерлері мен қоғам белсенділері азаматтар көп шоғырланатын орындарға шығып, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері сипатталған ақпараттық жадынамалар мен брошюраларды таратты. Онда алаяқтардың айла-тәсілдерін тану және олардың құрбаны болмаудың нақты жолдары қамтылған.
Іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындарына қарапайым әрі түсінікті ойды жеткізу. Алаяқтық схемалар туралы дер кезінде хабардар болу қаржылық шығынның алдын алып, жеке деректерді сақтауға мүмкіндік береді.
– Бүгінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес азаматтардың қатысуымен нәтижелі болады. Қылмыскерлер өз тәсілдерін үнемі өзгертіп, адамдардың сенгіштігін пайдаланады. Сондықтан біздің міндет – қылмыстарды ашумен қатар, олардың алдын алу. Қарапайым білім мен сақтық көптеген келеңсіздіктің жолын кеседі. Сол себепті біз тұрғындармен тікелей кездесіп, әр адам өзін және жақындарын қалай қорғау керектігін түсінуі үшін осындай жұмыстарды жүргізіп отырмыз, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
