Алматыда интернет-дүкен арқылы есірткі таратқан қылмыстық схема әшкереленді
Алматыда интернет-дүкен арқылы есірткі таратқан қылмыстық желі әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ІІМ-нің бейінді бөлімшелерімен бірлесіп, психотроптық заттарды интернет-ресурстар арқылы сақтап, орап және таратумен айналысқан кең ауқымды қылмыстық схеманың жолын кесті.
https://youtu.be/-aQ93Ayez2k?si=O_wKWuII1Tr-ielM
Жедел іс-шаралар барысында қаланың әртүрлі аудандарында бір қылмыстық тізбектің үш қатысушысы ұсталды. Әрқайсысының өз рөлі бар: бірі – есірткі заттарын бөліп қаптау мен "қалталар" дайындау, екіншісі – дайын дозаларды тасымалдау, үшіншісі – ірі партияларды уақытша сақтау.
Алғаш ұсталған жас жігіт тыйым салынған заттарды бөліп-ораумен және жасырын "қалталар" дайындаумен айналысқан. Одан есірткі заттары, орау құралдары, электрондық таразылар және онлайн-есірткі дүкендеріне тән басқа да жабдықтар тәркіленді.
Екінші күдікті — дайын дозаларды тасымалдауды қамтамасыз еткен курьер. Тексеру кезінде одан психотроптық заттар салынған орамалар, таблеткалар және әрі қарай таратуға арналған керек-жарақтар табылды. Оның тапсырмаларды мессенджер арқылы анонимді куратордан алғаны, ал есеп айырысудың криптовалюта арқылы жүргізілгені анықталды.
Үшінші фигурант — есірткінің едәуір бөлігін сақтайтын тұлға. Одан ондаған сатуға дайын орамалар тәркіленді. Полицейлер оның есірткіні қабылдап, уақытша сақтайтын, яғни интернет-дүкеннің "аралық қоймасын" ұйымдастырғанын анықтады.
- Олардың әрекеттері келісілген және Алматы аумағында психотроптық заттарды кең ауқымда таратуға бағытталған. Дер кезінде атқарылған жедел шаралардың нәтижесінде бұл желінің қызметі толық тоқтатылды. Өзге қатысушыларды анықтау жұмыстары жалғасуда, — деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Барлық эпизодтар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Полицейлер күдіктілердің өзге интернет-дүкендермен және қала аумағында есірткі тарату фактілерімен байланысын тексеріп жатыр.
