Алматыда кезекті алаяқ ұсталды
Түрксіб аудандық Полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімі азаматтарға соңғы үлгідегі смартфондарды нарықтық бағадан төменірек бағаға алып беру туралы уәде берген ер адамның алаяқтық іс-әрекеттері бойынша қылмыстық істерді тергеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 1995 жылы туған күдікті соңғы үлгідегі смартфондарды нарықтық бағадан төменірек бағамен сатып алғысы келетін, қарапайым адамдарға қарсы қылмыс жасаған. Сатып алушылардың сенімін пайдаланып, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы қаскөй жәбірленушілердің қаражатын иемденген. Жәбірленушілердің соңғы үлгідегі смартфондарға қызығушылығы туралы ақпарат ала отырып, өзінің қылмыстық мақсатын жүзеге асыру үшін қоймаларға кіруге болатындығын айтып, қызығушылық тудыратын тауарларды тезірек арзанырақ бағамен алып беруге уәде берген. Алайда күдіктіге ақша аударғаннан кейін жәбірленушілер смартфонсыз, әрі ақшасыз қалған. Алаяқ қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған, – деді Түрксіб аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Ерлан Аянбаев.
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті Алматы қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Осы адамның қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар 298-54-60, 298-54-61 және 8-701-718-70-69 нөмірлері арқылы полиция бөліміне хабарласа алады.