Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру бойынша Еуразиялық форумы өтті

Алматыда көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру бойынша Еуразиялық форумы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласындағы М. Тынышпаев атындағы логистика және көлік академиясында V-ші көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру бойынша Еуразиялық форумы өтті. 

Іс-шара барсында көлік саласындағы өзекті трендтер, инновациялық шешімдер мен цифрландыру мәселелері кеңінен талқыланды. Оған Әзірбайжан, Ресей, Қырғызстан темір жол әкімшіліктерінің, ҚР көлік министрлігінің, «KAZLOGISTICS» көлікшілер одағының, ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ көліктегі полиция департаментінің басшылығы қатысты.

Форумда теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелер қаралды. Қатысушылар пойыз қозғалысының қауіпсіздігі саласындағы озық технологияларымен және оларды қолдану тәжірибелерімен бөлісті.

Басқосу барысында “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ жұмысының негізгі бағыттары айтылды. Сондай-ақ темір жолдағы оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша  басым міндеттер қойылды. 

ҚТЖ спикерлері қабылданған кешенді шаралар мен көліктегі ПД қызметкерлерімен бірлесе жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың арқасында жылжымалы құрамның адамдар мен қараусыз жайылып жүрген үй жануарларды қағып кетуі, сонымен қатар, өткелдердегі жол-көлік оқиғаларының азайғанын атап өтті. Тараптар бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай  жалғасатынына сенім білдірді.

Форумда теміржолдағы қоғамдық қауіпсіздік пен тасымалданатын мүліктердің сақталуын қамтамасыз етуге зор үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды. Олардың арасында көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов та бар. Полиция полковнигі “Қазақстан темір жолының 120 жылдығына” арналған мерекелік медалімен марапатталды.

Шара соңында қатысушылар заманауи құралдардың, VR технологияларының, цифрлық қауіпсіздік шешімдерінің көрмесін тамашалады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру