Алматыда көлікті ұрлап, сатып жіберген күдіктілер ұсталды
Алматыда көлікті ұрлап, сатып жіберген күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қаскөйлер Уәлиханов көшесінің бойында Toyota көлігін ұрлап кеткен. Көлік ұрлағандарды ұстау іс-шарасын қаланың криминалдық полициясы Медеу аудандық Полиция басқармасы жедел уәкілдерінің белсенді көмегімен жүргізді.
– Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілер ұсталды. 36 жастағы О.есімді көлік ұрысы көліктерді ашып, рөлге отырған. 26 жастағы С. есімді азамат және 39 жастағы А. есімді азамат – сыбайластар. Тергеу шаралары барысында күдіктілердің ұрлап кеткен көлікті Жаркент қаласында сатып жібергендігі анықталды. Сатып алушыны көліктің құжаттарының жоқтығы таңқалдырмаған. Бірақ кейінірек көлік табылып, тәркіленді және заттай айғақ ретінде ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс материалдарына тіркелді, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Айтпақшы, негізгі күдікті мүліктік қылмыстар – ұрлық және тонау жасағаны үшін үш рет сотталған, ал сыбайластарының бірі ҚР ҚК-нің 96-бабы 1-бөлігі бойынша жазасын өтеген. Қазір полиция қызметкерлері ұсталған адамдардың жеке басын бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріп жатыр. Күдіктілер қамауда отыр.