Алматыда көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтары анықталды
Алматыда көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтары анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ полиция мен тұрғындар арасындағы өзара байланысты жақсартуға бағытталған "Учаске" республикалық іс-шарасы белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Іс-шараның басты мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін тұлғаларды дер кезінде анықтау, көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру және мегаполистің тұрғын аудандары, саяжай аумақтары мен жеке сектордағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Шара аясында полиция қызметкерлері күн сайын қала аудандарында мекенжайлық және аумақтық тексерулер жүргізіп, учаскелік инспекторлардың жұмысын күшейтуде, профилактикалық бағыттағы кездесулердің аясын кеңейтуде.
Полицейлер Медеу ауданындағы саяжай массивтері мен бау-бақша серіктестіктерінде кешенді тексеру жұмыстарын өткізді. Тексеріс барысында жеке үйлерді аралап, тұрғындарға учаскелік инспекторлардың визит карталары табысталды, жеке қауіпсіздік шаралары мен құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ есепте тұрған азаматтар мен азаматтық қару иелерінің сақтау талаптарына сәйкестігі тексерілді.
Локалды тексеру кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 15 шетел азаматы анықталып, қоғамдық орындарда алкоголь тұтынған 38 тұлға жауапкершілікке тартылды. Жалпы саны 89 құқық бұзушыға шара қолданылды.
– "Учаске" жедел алдын алу шарасы ең алдымен профилактиканы күшейтуді көздейді. Біз "Заң мен тәртіп" қағидатын берік ұстана отырып, полицияның жергілікті деңгейдегі жұмысын күшейтіп келеміз. Локалды тексерулер азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге, құқық бұзушылықты дер кезінде анықтауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаладағы әрбір аумақ, әр үй, әр көше бақылауда болуы — тұрақты тәртіп пен қоғамның полицияға деген сенімін арттырудың басты шарты, — деді Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
