Алматыда “Мал ұрысы” ЖПІШ жүргізіліп жатыр
Алматыда “Мал ұрысы” ЖПІШ жүргізіліп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда мал ұрлығымен, мал басы заңсыз айналымымен және мал союмен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сондай-ақ тұтынушылар үшін қауіпсіз жағдайды қамтамасыз ету, мал шаруашылығы мен ет өнімдерінің саудасы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында “Мал ұрысы” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
— Оның мақсаты – мал шаруашылығы саласындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, мал басының заңсыз айналымына, сондай-ақ тиісті құжатсыз мал сою жағдайларына жол бермеу, ет өнімдерін сату және қайта өңдеу орындарында санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары, ветеринария қызметі мен СЭС арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Іс-шара күндері базарлар, сауда орындары мен мал және ет өнімдері сатылатын орындардың заң талаптарына сәйкестігі тексерілуде, - деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.
Спикердің айтуынша, қалада екі күндік іс-шара барысында Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзған ондаған дерек анықталды. Барлық эпизод бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабының талаптарына сәйкес хаттамалар толтырылды.
Кеше Алматының Алатау ауданында бір нысан анықталды. Бұл аумақта жылқылар ұсталды, олардың қайдан шыққандығы және иесі кім екендігі туралы аймақ иесі түсінікті ақпарат бере алмады.