Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда Мақан Есболатовтың 95 жылдығы атап өтілді

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, мемлекет және қоғам қайраткері Мақан Есболатовтың мерейтойы Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелерінің, ҚР ІІМ Алматы академиясы, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «Динамо» ФСО қызметкерлері қатысқан ауқымды спартакиадамен атап өтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшылары шағын футболдан, армрестлинг, арқан тарту, гір көтеру және отбасылық эстафетадан сынға түсті. Шараға барлығы 125 адам қатысты. Бірінші орынды Алматы қалалық полиция департаментінің құрама командасы, екінші орынды – ҚР ІІМ Алматы академиясы, үшінші орынды – қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің құрама командасы иеленді.

– Мақан Есболатов КСРО ІІМ Алматы арнаулы милиция орта мектебінің курсантынан Ішкі істер министрі қызметіне дейінгі жолды жүріп өтті. Ол – Алматы полициясынан шыққан төрт ішкі істер министрінің бірі. Мақан Есболатов ІІМ-дегі жұмыс барысында бірқатар ірі ұйымдастырушылық шешімдер қабылдады. Мақан Есболатұлы соңғы жылдары Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мен Ішкі әскерлері ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Ардагерлерді әлеуметтік қолдау ісіне, сондай-ақ ардагерлер ұйымдарының жастарды оқыту мен тәрбиелеуге белсене атсалысуына зор үлес қосты. Бір айта кетерлігі, бүгінде ІІМ Алматы академиясы Мақан Есболатовтың есімімен аталады, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Мақан Есболатов 1928 жылы 27 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. 1946 жылы ішкі істер органдарына қызметке кіріп, 45 жылдан астам қызмет етті. Мақан Есболатов «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен, «Астана», «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін», «Еңбек ардагері», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен, сондай-ақ Құрмет грамоталарымен марапатталған. Мақан Есболатов 2007 жылы 20 қаңтарда қайтыс болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру