Алматыда мереке қарсаңында жас азаматтар алғашқы жеке куәліктерін алды
Алматыда мереке қарсаңында жас азаматтар алғашқы жеке куәліктерін алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамыр мерекелері қарсаңында Алматы қаласының көші-қон қызметі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік мекемесі және Жетісу ауданы әкімдігімен бірлесіп, 16 жастағы қала тұрғындарына алғашқы жеке куәліктерді салтанатты түрде табыстау рәсімін ұйымдастырды.
Шара халыққа қызмет көрсету орталығында жылы, мерекелік жағдайда өтті. Жас алматылықтарды мемлекеттік органдардың өкілдері құттықтап, азаматтарды уақытылы құжаттандырудың маңыздылығын атап өтті.
— 16 жаста жеке куәлік алу - азаматтық жауапкершілік жолындағы маңызды қадам. Құжат білім алуға, медициналық және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуге, жұмысқа орналасуға және қоғам өміріне қатысуға мүмкіндік береді. Ата-аналар мен заңды өкілдерді құжаттарын рәсімдеуді кешіктірмеуге шақырамыз. Жасөспірімдердің уақытында құжаттанбауы бірқатар қиындықтар мен шектеулерге әкелуі мүмкін, - деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасы бөлімінің бастығы Жанна Жақыпбаева.
Шараны ұйымдастырушылар мұндай шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухты нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.