Алматыда "Мопед" жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда
Алматыда "Мопед" жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында мопедтер мен электрсамокаттардың қозғалысын бақылауға бағытталған іс-шара басталғаннан бері 637 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Анықталған өрескел құқық бұзушылықтардың қатарында:
• көлік құралын алкогольдік мас күйде басқару – 5 дерек;
• мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің болмауы – 12;
• сақтандыру полисінсіз басқару – 46;
• жалған нөмірлік белгілермен жүру – 1;
• жүргізу құқығының болмауы – 35;
• жүргізуші куәлігінен айырылған адамдардың көлік басқаруы – 4;
• техникалық байқаудан өтпеу – 47;
• жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережесін бұзу – 8;
• рөлде отырып ұялы телефон қолдану – 12 дерек.
Іс-шара барысында 131 мопед арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Сондай-ақ мопед жүргізушілерінің қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам түрлі жарақат алған.
Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, рейдтердің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қауіпсіз әрі жауапты көзқарас қалыптастыру.
- 2025 жыл – "Профилактика жылы" деп жарияланды. Біз барлық мопед, электрсамокат және балама көлік құралын басқарушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдағы қауіпсіздік – сіздердің жауапкершіліктеріңізге тікелей байланысты, – деді Серік Шумаев.
Жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Полиция азаматтарды абай болуға, жол ережелерін сақтауға және өзге жол қозғалысына қатысушыларға құрметпен қарауға шақырады.