Алматыда «Назар аударыңыз, балалар!» іс-шарасы өткізіледі
Алматыда тәртіп сақшылары 23 тамыздан бастап «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізбек, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Қазіргі уақытта Алматы қаласының полиция бөлімшелері дайындықты белсенді жүргізуде. Біріншіден, арнайы құрылған топ «Балалардың жол қауіпсіздігі» бағдарламасына сәйкес олардың жабдықталуы бойынша жалпы білім беретін мекемелерге іргелес жатқан жол учаскелеріне зерттеу жүргізді. Екіншіден, жергілікті полиция қызметінің алдыңғы саптағы бөлімшелері патрульдік нарядтардың орналасуын әзірледі, олар оқу басталған сәттен бастап мектептерде қызмет етеді, қозғалысты үйлестіреді және оқушыларға жолдан дұрыс өтуге көмектеседі. Дәстүр бойынша бірінші сынып оқушылары үшін полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін оқыту сабақтарының циклын өткізеді, – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.
Сонымен қатар, баяндамашы аталмыш шараның жол-көлік жарақаттарының алдын алуға және балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге бағытталғанын атап өтті.
– Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеуі өте маңызды. Жол жарақат алу мен өлім қаупі жоғары орын болып қала беретіндіктен, бала жастайынан көшеде жүру ережелері мен өзін қалай ұстауы керек екендігін білуі керек. Жоспарланған іс-шаралар аясында балалардың алған білімдерін тәжірибеде қолдана білу дағдылары дамиды. Олардың дағдыларды нақты және саналы түрде меңгеруі үшін біз балалардың ата-аналарын оқу үдерісіне белсенді қатыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді Нұрлан Аманбек.