Алматыда ойын-сауық орталықтарына бейне талдау жүйесі енгізілді
Алматы қаласындағы ойын-сауық орындарында бейне талдау жүйесі енгізілді. Нәтижесінде қылмыс азайды, қауіпсіздік артты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру және Профилактика жылы аясында полиция қала тұрғындарының көп жиналатын демалыс орындарында бейне талдау пилоттық жобасын іске қосты.
Заманауи интеллектуалды жүйелер бұған дейін қылмыс пен құқық бұзушылық жиі тіркелген 12 ойын-сауық орнында орнатылды. Камералар бет-әлпетті тану және төтенше жағдайларға автоматты түрде әрекет ету функцияларымен жабдықталған. Яғни төбелес, адамдардың топтасуы, агрессивті мінез-құлық, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті ұсақ бұзу жағдайларын тіркеуге алады.
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, технологияны енгізудің алғашқы нәтижелері айқын байқалады.
– Жүйе іске қосылған сәттен бастап бұл мекемелерде бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Сонымен қатар алгоритмдер іздеуде жүрген адамдарды, соның ішінде қылмыстық істер бойынша және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды дер кезінде анықтап, шара қабылдауға мүмкіндік берді. Бұл – заманауи технологиялардың азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты дәлелі, – деді Арыстанғани Заппаров.
Бейнежүйе қалалық жедел басқару орталығымен интеграцияланған және полицияға, қауіп туындаған жағдайда жедел әрекет етуге, құқыққа қайшы әрекеттер үшін жазаның бұлтартпау қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба пилоттық кезеңде болғанымен, өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді және алдағы уақытта барлық ойын-сауық орындарына, сондай-ақ азаматтар көп жиналатын өзге де орындарға – саябақтарға, базарларға, сауда орталықтарына, мәдени-көріністік және спорттық алаңдарға да қойылатын болады.
– Біздің басты мақсатымыз – тек әрекет ету емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру. Цифрлық полиция – бұл қоғамдық тәртіпті қорғаудың жаңа философиясы, ол азаматтарды қорғауға және профилактикаға бағытталған, – деді Арыстанғани Заппаров.