Алматыда оқу орындарында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы колледждердің бірінде полиция қызметкерлері жоспардан тыс профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу осы оқу орнында білім алатын студенттің соққыға жығылу оқиғасынан кейін ұйымдастырылды.
Студенттермен өткен кездесуге аудандық полиция басқармасының басшылығы, ювеналдық полиция қызметкерлері және колледж әкімшілігінің өкілдері қатысты. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын ашық түсіндіріп, қандай әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын, сондай-ақ агрессия, күш көрсету, "есеп айырысу" мен өзін күш арқылы дәлелдеудің салдары қандай болатынын нақты баяндады.
Кездесу барысында әрбір осындай құқық бұзушылықтың мұқият тергелетіні және барлық шара заң талаптарына сәйкес қабылданатыны атап өтілді. Сонымен қатар полицияның басты мақсаты тек жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар арасында жеке жауапкершілік пен заңға құрмет қалыптастыру екені жеткізілді.
— Жастар бір сәттік ойланбай жасалған әрекет бүкіл өмірді өзгертіп жіберуі мүмкін екенін түсінуі тиіс. Бүгін бұл жастар қамауда отыр — бұл агрессия мен жауапсыздықтың нақты салдары, — деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.
Кездесу соңында студенттерге кез келген жанжал туындаған жағдайда мәселені күшпен емес, педагогтарға, психологтарға немесе полицияға жүгіну арқылы шешу қажет екені ескертілді.
Полиция алдағы уақытта да оқу орындарында профилактикалық жұмыстарды жалғастырып, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлмек.
