Алматыда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді шаралар талқыланды
Алматы қаласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған "Stop-stalking" форум-диалогы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға полиция өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, медиа саласының өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау және профилактикалық қызметке белсенді атсалысып жүрген әйелдер қатысты.
Форум барысында сөз сөйлеген Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов отбасындағы амандық пен қауіпсіздік мәселесі тек құқық қолдану аясымен шектелмейтінін, бұл бағытта кешенді әрі бірлескен жұмыс қажет екенін атап өтті.
– Бұл – тек заң мәселесі емес, ең алдымен адам тағдырына, қолдау мен сенімге қатысты мәселе. Мұндай бағытта полиция жалғыз өзі жұмыс істей алмайды. Бізге қоғам, медиа және белсенді азаматтар тарапынан серіктестік қажет, – деді департамент басшысы.
2025 жылы Алматы қаласында отбасылық-тұрмыстық қатынастарға байланысты 9,6 мыңнан астам өтініш тіркелген. Әрбір өтініштің артында нақты адамдардың тағдыры, жан айқайы мен көмекке деген үміті тұр. Осыған байланысты полиция қызметінде басты басымдық жазалауға емес, қайталанатын жанжалдар мен зорлық-зомбылықтың алдын алуға беріліп отыр.
Атап айтқанда, 8,5 мыңнан астам адам профилактикалық есепке қойылып, 7,4 мыңнан аса қорғау нұсқамасы шығарылған. Бұл шаралар ең алдымен жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жағдайдың ушығуына жол бермеуге бағытталған.
Сонымен қатар 2025 жылы жеке профилактикалық жұмыс жүргізілген тұлғалар арасында қайталанған құқық бұзушылықтар тіркелмегені атап өтілді. Бұл қабылданып жатқан алдын алу шараларының тиімділігін көрсетеді.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында полиция сот органдарымен және денсаулық сақтау жүйесімен бірлесе отырып, психокоррекциялық бағдарламаларды енгізуде. Бүгінде Алматы қаласындағы 16 емханада дағдарыс жағдайындағы және агрессияға бейім азаматтарға көмек көрсететін мамандар жұмыс істейді.
Әйелдерді қолдауға ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері 96 әйел дағдарыс орталықтарына жолданып, олардың 81-і балаларымен бірге уақытша баспанаға орналастырылып, қорғау мен кешенді көмекке ие болды.
– Сіздердің дауыстарыңыз кейде кез келген ресми үндеуден де әсерлі. Қиын тақырыптарды адамға жақын тілде жеткізіп, көмек сұрауға қорқатын жандарға жол табуға ықпал етесіздер, – деді Айдын Кабдулдинов форум қатысушыларына.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру тек полицияның ғана емес, қоғам мен медианың ортақ міндеті екеніне келісті. Ал отбасы – әрдайым қауіпсіздік пен сенім мекені болуы тиіс.
