Алматыда өткен жылы 66 мыңнан астам құқық бұзушылықтар тіркелді
Алматыда өткен жылы 66 мыңнан астам құқық бұзушылықтар тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы полициясы қоғамда, қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Жергілікті полиция қызметінің бөлімшелері бірқатар ұйымдастырушылық-тәжірибелік шараларды қабылдады.
– Нөлдік төзімділік – ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу және басқа да ұсақ құқық бұзушылықтарға теріс реакция. Әрбір азамат адамдардың құқығын құрметтеп, қоғамдық тыныштықты бұзбай, өз мәдениетін көрсетуі керек. Бүгінгі күні көшедегі қылмыстардың алдын алудың басты тұтқасы – әкімшілік құқық бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу, сондай-ақ олардың жасалуына мүлдем төзбеушілік таныту. Сонымен қатар ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алуда қаладағы заңдылық пен тәртіптің жай-күйіне бей-жай қарамайтын азаматтық қоғамдастыққа ерекше рөл берілгенін айта кеткен жөн, - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.
Спикер, студент жастар арасында мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
Алматыдағы жиырма бір жоғары оқу орнында студенттік құқық қорғау жасақтары құрылды.
Анықтама үшін:
- ұсақ бұзақылық – 10 мың 415 дерек;
- абаттандыру ережелерін бұзу – 23 мың 021 дерек;
- тыныштықты бұзу – 8 мың 909 дерек;
- көшеде алкогольдік ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарға мас күйде келу – 15 мың 525 дерек;
- қоғамдық орындарда темекі шегу, оның ішінде кальян шегу – 6 мың 579 дерек және т.б.