Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ПД бастығы тергеушілер мен анықтаушыларға жұмыс сапасын күшейтуді тапсырды

Алматыда ПД бастығы тергеушілер мен анықтаушылармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов тергеу бөлімшелері мен анықтау органдарының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиын бөлімшелердің қызметімен танысу және қылмыстық істерді тергеу сапасын талдау аясында өтті.

Кеңес барысында басты басымдықтар айқындалды. Атап айтқанда, заңды мүлтіксіз сақтау, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, тергеудің сапасы мен объективтілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қабылданатын әрбір процестік шешім үшін қызметкердің жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар қылмыстық істерді тергеу мерзімдерін сақтау, қабылданатын шешімдердің заңдылығы, қылмыстық процеске қатысушылармен қарым-қатынас мәдениеті және полиция мен азаматтар арасындағы сенімді нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Мегаполис полициясының басшысы әрбір қылмыстық істің артында нақты адам тағдыры тұрғанын атап өтіп, бұл салада формализмге жол берілмейтінін қадап айтты.

– Тергеуші мен анықтаушы қағазбен немесе сандармен емес, адам тағдырымен жұмыс істейді. Сіздердің кәсіби деңгейлеріңіз азаматтардың құқықтарының қорғалуына, әділдік пен заңға деген сеніміне тікелей әсер етеді. Біз заң аясында, кәсіби әрі адал әрекет етуге міндеттіміз. Өйткені біздің алдымызда халық пен мемлекет алдындағы жауапкершілік тұр, – деді Айдын Кабдулдинов.

Сондай-ақ департамент басшысы қылмыстық істерді тергеу сапасына бақылауды күшейту, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу жөнінде нақты тапсырма жүктеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру