Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ПД бастығы ЖҚАЖ қызметкерлерімен кездесті

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов жылдам қимылдайтын арнайы жасағының жеке құрамымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу плацта саптық жиыннан басталды. Департамент басшысы бөлімшенің қару-жарағы, арнайы техникасы және материалдық-техникалық жабдықтарын тексерді.

Алматы қаласының бас полицейі ЖҚАЖ-ның 35 жылдан астам тарихы бар, ең күрделі әрі қауіпті тапсырмалардың алдыңғы шебінде жүрген ерекше бөлімше екенін атап өтті.

– Бұл бөлімше әрдайым ең жауапты операциялардың алдыңғы қатарында болды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыскерлерді ұстау және аса қауіпті жағдайларға жедел әрекет ету жолындағы еңбектеріңіздің маңызы зор, – деді Айдын Кабдулдинов.

Сондай-ақ ол жаттығулар барысында және күнделікті қызметте тәртіпті қатаң сақтау мен қауіпсіздік талаптарын орындаудың маңызына ерекше тоқталды.

– Бұл қызмет – жай ғана жұмыс емес, күнделікті сын. Алайда дәл осындай қиындықтар нағыз жауынгердің мінезін қалыптастырады, – деп түйіндеді департамент бастығы.

Кездесу соңында Алматы қаласы полициясының бастығы әлеуметтік қамтамасыз ету, моральдық-психологиялық ахуал және қызмет тиімділігі мәселелері өзінің жеке бақылауында болатынын атап өтіп, жеке құрамға зор денсаулық, амандық және қызметте табыс тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру