Алматыда ПД бірінші тоқсандағы жедел-қызметтік іс-шаралардың қорытындысын шығарды
Алматы қалалық полиция департаменті осы жылдың бірінші тоқсандағы жедел-қызметтік іс-шаралардың қорытындысын шығарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға Алматы полициясының бастығы Арыстанғани Заппаров төрағалық етті. Ішкі істер министрінің тапсырмалары мен ІІМ жүйесінде жарияланған "Профилактика жылы" аясында атқарылатын жұмыстың басым бағыттары талқыланды. Министрдің алға қойған барлық міндеттері құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтуге тікелей байланысты, бұл көшелердегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға қатысты. Патрульдік полиция жасақтарының жұмысын қатаң бақылауға алу және жергілікті басшылардың жеке жауапкершілігін қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Қоғамдық орындарда және көшелерде құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандармен жұмыс, оның ішінде заңды өкілдер тарапынан бақылау мәселелері жиынның басты бағыттарының бірі болды. Департамент басшысы профилактикалық жұмыстың жай ғана бағыт емес, барлық жұмыс негізі екенін атап өтті. Жиын барысында қызметтер мен бөлімшелер басшыларының сөздері тыңдалып, орын алған кемшіліктер анықталып, оларды жоюдың нақты шаралары белгіленді. Қоғамдық тәртіпті сақтауға және қылмыстың алдын алуға бақылауды күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.