Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полицейлер арасындағы дебат турнирінің жеңімпаздары марапатталды

Алматыда полицейлер арасындағы дебат турнирінің жеңімпаздары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында министр Ерлан Тұрғымбаев №2 орта басшы құрамды – қалалық және аудандық полиция басқармаларының, полиция департаменттері басқармаларының және Министрліктің орталық аппаратының бастықтарын даярлау факультетінің тыңдаушыларына ІІО-ын жаңғыртудың басымдығы ретінде қазіргі заманғы формацияны басқаруға арналған көшбасшылық дәріс өткізді.

Сондай-ақ, ведомство басшысы тыңдаушылармен өткізілген пікірсайыс турнирін талқылап, жеңімпаз – Түркістан қаласы Полиция басқармасының бастығы Бауыржан Селтановқа турнир кубогын табыс етті.

Пікірсайыс турнирінің мақсаты Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың нұсқауымен, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың полицияның сервистік моделіне көшу туралы тапсырмасымен тікелей байланысты.

«Мемлекеттің басымдықтары мен қоғамның үмітіне сәйкес келетін ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру, полицияның сервистік моделін қалыптастыру басқарудың сапалы жаңа тәсілдерін және жаңа тұрпатты басқарушыларды даярлауды талап етеді. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру олардың кәсібилік деңгейіне, басқарудың заманауи нысандары мен әдістерін қолдана отырып жұмысты ұйымдастыра білуге, қоғаммен диалог орнатуға және сервистік модель шеңберінде өзара қарым-қатынас құруға қабілетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға байланысты», – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Министр пікірталас сыни және аналитикалық ойлау дағдыларын қалыптастыратын және ішкі істер органдарында тиімді басқару үшін қажет терең және ауқымды ойлауға үйрететін сапалы білім беру құралы болып табылатынын атап өтті.

Пікірсайысты өткізу барысын ІІМ Алматы академиясының Инстаграм арнасынан тікелей эфирде кез келген ниет білдірушіге қарауға мүмкіндік берілді. Пікірсайысқа қатысушылар өздеріне жүктелген үміттерді толығымен ақтап, пікірталастар жүргізіп және өз көзқарастарын қорғай білді.

Ішкі істер министрінің кубогы үшін дебат турнирінің финалисі – Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті «Есіл» ауданы полиция басқармасының бастығы Мадияр Айтуғанов дипломмен марапатталды. Ол қорытынды раундта жеңімпазға аз ғана есе жіберген болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру