Алматыда полицейлер дағдарыс орталығындағы балаларға көмек көрсетті
Алматыда полицейлер дағдарыс орталығындағы балаларға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шаһардың Түрксіб ауданының тәртіп сақшылары отбасын, балалық шақты және дәстүрлі құндылықтарды қолдауға бағытталған "Бақытты отбасы – бақытты ел" науқанын жалғастыруда.
Игі бастама аясында жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері қиын өмірлік жағдайға тап болған аналар мен балалар тұратын дағдарыс орталығына барып, бүлдіршіндерге сыйлықтар табыс етті.
- Біздің міндетіміз – тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар қамқорлық пен қолдауға мұқтаж жандарға көмек көрсету. Балаларға қамқор болу – бұл болашаққа қамқор болу. "Бақытты отбасы – бақытты ел" науқаны жалғасуда: алда отбасыларды қолдауға және аудан тұрғындарымен полиция арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған жаңа бастамалар бар, - деді полицейлер.
Орталық қызметкерлері полиция қызметкерлеріне көңіл бөлгендері үшін алғыс айтып, мұндай кездесулер балаларға қамқорлық пен сенім сезімін сыйлайтынын атап өтті.