Алматыда полицейлер пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктіні ұстады
Алматы қаласында полицейлер кілт таңдау әдісі арқылы жасалған пәтер ұрлығына күдікті азаматты қолға түсірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіден есік құлпын ашуға арналған арнайы саймандар мен толық құралдар жиынтығы тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қылмысты жалғыз өзі жасаған және дәл осындай тәсілмен жүзеге асқан бірнеше пәтер ұрлығына қатысы болуы мүмкін. Қазір оның өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
- Біз кәсіби құралдарды пайдаланып пәтерлерге кірген жалғыз ұрыны ұстадық. Қазіргі уақытта оның басқа да эпизодтарға қатысы мұқият тексерілуде. Алматы полициясы мүліктік қылмыстардың алдын алу және ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді жалғастырады. Қала тұрғындары мұндай құқық бұзушылықтардың жазасыз қалмайтынын білуі тиіс, – деді Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Қажетті жедел және процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр.
