Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полицейлер сенбілікке шықты

Алматыда полицейлер сенбілікке шықты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Алматы қаласы полиция департаментінің жеке құрамы Алмалы ауданының қақ ортасында орналасқан Мұқағали Мақатаев атындағы скверге кең ауқымды сенбілікке шықты.

Бұл науқан республикалық “Таза Қазақстан” кампаниясы аясында өтіп, тек қана аумақты тазалау шарасы ғана емес, нағыз тазалық пен қалаға деген қамқорлықтың мерекесіне айналды.

Полиция қызметкерлері шаһардың ең көркем бұрыштарының бірінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Осы күні полиция қызметкерлері ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыды. Сенбілікке қатысушылар мен қала тұрғындарына алма салынған себеттер ұсынылып, полиция қызметкерлерінің көркемөнерпаздар концерті ұйымдастырылды.

— Біз, Алматы полициясының қызметкерлері күн сайын қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Алайда туған қаламыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлесімізді қосу да маңызды. Мұндай сенбілік – бұл тек табиғатқа қамқорлық қана емес, сонымен қатар балаларымызға, жастарымызға және шаһар тұрғындарына үлгі боларлық іс, — деді Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Іс-шара барлық қатысушылардың естелік суретке түсуімен, жылы атмосферамен және қала тұрғындарының шынайы алғыстарымен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру