Алматыда полицейлер тұрғындармен кездесті
Алматыда полицейлер тұрғындармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты Ақсай ықшамауданында жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Іс-шараға қалалық әкімшілік полиция мен жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілдері қатысты.
Кездесу "Мерген" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында және заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыруға арналған республикалық науқан шеңберінде ұйымдастырылды.
Жиын барысында тұрғындарға аталмыш науқанның құқықтық негіздері түсіндірілді. Атап айтқанда, азаматтардың өз еркімен тапсырған қару-жарағы үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатыны және белгіленген тәртіппен сыйақы тағайындалатыны айтылды. Сонымен қатар "Мерген" іс-шарасының алғашқы нәтижелері жарияланып, тіркелмеген қаруды анықтау мен сатып алу бағытындағы жұмыстар баяндалды.
Кездесу кезінде учаскелік инспекторлар тұрғындардың қоғамдық қауіпсіздікке қатысты сауалдарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
— Біздің мақсатымыз – тек қауіпті заттарды тәркілеу емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, қоғамда сенім мен өзара қолдауға негізделген атмосфера қалыптастыру. Айта кетерлігі, 21 сәуірден бастау алған науқан аясында осы уақытқа дейін 18 қару өз еркімен тапсырылды, — деді Алматы қалалық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.