Алматыда полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелге көмектесті
Алматыда полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелге көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының тұрғынынан полицияға дабыл қоңырауы келіп түсті. Кәмелетке толмаған үш баланы тәрбиелеп отырған әйел күйеуінің тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, балаларымен бірге көшеде, баспанасыз және күнкөріс қаражатынсыз қалғанын хабарлады.
Шақыртуға бірден Әуезов аудандық полиция қызметкерлері әрекет етті.
Жеке әңгімелесу барысында әйел мен оның балаларының өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төніп тұрғаны анықталды. Отбасының отағасы үнемі алкоголь ішіп, тыныштықты бұзып, тіпті түнде де жанжал шығарып, агрессия танытқан.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған уақытылы әрекет ету – біздің қызметтің басты басымдықтарының бірі. Әрбір хабарламаға біз дереу әрекет етеміз, себебі мәселе әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі туралы болып отыр. Бұл жағдайда мүмкін болған қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік туды. Әйелге құқықтық көмек көрсетіліп, қорғалды. Ол үш баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылып, уақытша баспана, медициналық және психологиялық қолдау көрсетілді, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Даурен Майлықбаев.
Спикер, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау тек полиция бөлімшелерінің арасында ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мекемелерімен, медициналық ұйымдармен, қоғамдық қорлармен және дағдарыс орталықтарымен тығыз өзара іс-қимылды талап ететінін атап өтті.
Алматыда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Аулаларды аралау, бұрын құқық бұзғандармен жеке профилактикалық әңгімелесулер, рейдтер мен тұрғындармен кездесулер үнемі өткізіліп тұрады. Құқықтық түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылады.