Алматыда полицейлер Ұлттық ойындар күнінде күш пен ептілікті сынға салды
Алматыда Наурыз мейрамы аясында Ұлттық ойындар күні кең көлемде аталып өтті. Шара дәстүрлі мәдениетті насихаттап, спорттық рухты нығайтуға бағытталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полиция қызметкерлері арқан тарту, асық ату, қой көтеру, тоғызқұмалақ, садақ ату және басқа да ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарға белсене қатысты.
- Бұл сайыстар қатысушылардың ептілігі мен күшін сынға салумен қатар, қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеуге ықпал етті. Ұлттық ойындар күні – Наурыз мейрамы аясында дәстүр сабақтастығы мен ұжымдық рухтың маңызын ұғындыратын жарқын оқиға, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының бастығы Ерлан Әбсадық.