Алматыда полицейлер заңсыз есірткі өсімдігін өсірген тұрғынды анықтады
Алматыда полицейлер заңсыз есірткі өсімдігін өсірген тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда полицейлер "Қарасора – 2025" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілген жедел-іздестіру шарасы барысында есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегін әшкереледі.
Алатау ауданында 32 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол өз ауласында сыртқы белгілері бойынша қарасораға ұқсас өсімдіктерді өсірген.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері мен жедел тергеу тобы аумақтан 165 түп өсімдікті және заңсыз әрекетте пайдаланылған телефонды тәркіледі.
Сот-химиялық сараптамасы тәркіленген өсімдіктер каннабис екенін растады және оның жалпы салмағы 23 келіні құрайды.
– Алматы қаласының полиция қызметкерлері есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру деректерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мұндай әрекеттер заңды бұзып қана қоймайды, қоғамның қауіпсіздігіне де нақты қатер төндіреді. "Қарасора – 2025" іс-шарасы аясында профилактикалық жұмыстарға, атап айтқанда азаматтарға қарасора өсірудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Полиция есірткі айналымына қарсы күрес ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі екенін еске салады.
