Алматыда полицейлер жолаушылар тасымалына тексерісті күшейтті
Алматыда "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жолаушылар тасымалына тексеріс күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18–23 қараша аралығында Алматы қаласында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы аясында әкімшілік полиция қызметкерлері жолаушылар тасымалына ерекше назар аударып, көлік құралдарының техникалық жағдайы, бағыттардың сақталуы және жолаушыларды тасымалдау талаптарының орындалуын жан-жақты бақылауда.
Аталған шараның негізгі мақсаты – мегаполистегі жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін құқық бұзушылықтарды болдырмау.
– Жолаушылардың қауіпсіздігі – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Полиция "Заң мен тәртіп" принципіне сүйене отырып, жүйелі және принципті түрде әрекет етеді. Әрбір жүргізуші мен тасымалдаушы заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі ғана Алматыдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Әкімшілік полиция жолаушылар тасымалдаушыларды көлік пайдалану ережелерін сақтауға шақырып, алдын алу шаралары мегаполистегі апат деңгейін төмендетудің негізгі тетігі екенін еске салады.
