Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полицейлер жолдағы профилактикалық жұмысты үздіксіз жүргізіп жатыр

Алматыда полицейлер жолдағы профилактикалық жұмысты үздіксіз жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Профилактика жылы аясында Алматы қаласының полицейлері жол-көлік мәдениетін арттыру және қала көшелерінде жарақаттанудың алдын алу мақсатында ауқымды құқықтық түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.

Жұмыстың бір бағыты – жаяу жүргіншілермен, балалармен және жасөспірімдермен жүргізілетін түсіндіру іс-шаралары. Қаладағы адам көп жүретін көшелерде полицейлер жас жол қозғалысы қатысушыларына жолды қауіпсіз кесіп өту ережелерін, жарық шағылыстыратын элементтерді тағудың маңыздылығын, сондай-ақ жолда мұқият болу мен тәртіп сақтау қажеттілігін еске салды.

Ата-аналар мен ересек азаматтардың назарын балалар пайдаланатын көлік құралдарының – самокаттардың, велосипедтердің және электр самокаттардың қауіпсіздігіне аударды.
Мопедтерді пайдалану ережелерін түсіндіруге де ерекше көңіл бөлінді. Қаланың бірнеше жүктемесі жоғары қиылыстарында профилактикалық науқандар ұйымдастырылып, тақырыптық брошюралар таратылды. Қала тұрғындарына мопед жүргізу үшін жаңа талаптарды міндетті түрде сақтау керектігі еске салынды: техникалық төлқұжаттың, нөмірлік белгінің, сақтандыру полисінің және "А" санатындағы жүргізуші куәлігінің болуы, жол қозғалысы ережелерін сақтау және қорғаныш құралдарын пайдалану қажет.

- Бүгінде профилактика – жолдағы жарақаттану мен құқық бұзушылықты азайтудың басты тетігі. Біз тек құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, түсіндіруге, алдын алуға, үйретуге тырысамыз. Профилактика жылында біз түсіндіру жұмысын күшейттік, оның ішінде жас жаяу жүргіншілер мен мопед жүргізушілеріне ерекше көңіл бөлінуде. Қауіпсіздік – бұл ортақ жауапкершілік, және заңды, жол қозғалысы мәдениетін қолдайтын азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Осы жылдың басынан бері Алматыда мопедтердің қатысуымен 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан алты адам қаза тауып, тағы 646 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Бақылау шараларын күшейту аясында полиция қызметкерлері мопед жүргізушілерінің 6 мыңнан астамын түрлі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартты.

Профилактикалық жұмыс Мемлекет Басшысы белгілеген "Заң және тәртіп" идеологемасы және ҚР Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы аясында тұрақты түрде жалғасатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру