Алматыда полиция автокөліктердің шу деңгейі мен зиянды шығарындыларына бақылауды күшейтті
Алматы қаласы полиция департаменті автокөліктердің шу деңгейі мен зиянды шығарындыларына бақылауды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында әкімшілік полиция бөлімшелері экологиялық және жол қозғалысы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған мақсатты профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Негізгі назар көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, шу деңгейіне және атмосфераға бөлінетін зиянды шығарындыларға, оның ішінде қоғамдық көліктерге аударылуда.
Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаевтің айтуынша, бұл шаралар ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алуға және қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
- Мегаполистегі экология мәселесі азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына тікелей байланысты. Осыған орай біз көлік құралдарының техникалық жай-күйін, соның ішінде шу деңгейі мен зиянды шығарындылар көрсеткіштерін тексеру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізудеміз, – деді Серік Шумаев.
Оның сөзінше катализаторсыз пайдаланылатын, дыбыс бәсеңдеткіштері алынып тасталған немесе ақаулы, сондай-ақ пайдаланылған газдардың уыттылығына және қоршаған ортаға акустикалық әсеріне ықпал ететін конструкциялық өзгерістер енгізілген көлік құралдарына ерекше назар аударылуда.

- Бұл бір реттік немесе жазалау шарасы емес. Басты мақсат – алдын алу, тәртіпті күшейту және жүргізушілер мен тасымалдаушылар тарапынан заң талаптарына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, – деп атап өтті басқарма бастығы.
Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жүргізушілерге заң талаптарын және оларды сақтамаудың салдарын түсіндіру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
- Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады. Қала тұрғындарының түсіністік танытып, қолдау білдіретініне сенеміз. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана таза, қауіпсіз әрі жайлы Алматыны қалыптастыра аламыз, – деп түйіндеді Серік Шумаев.
