Алматыда полиция азаматтарға үндеу жасады
Алматыда полиция азаматтарға үндеу жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы – еліміздің жүрегі, әр күні қозғалыспен басталатын қала. Қалада тіркелген және басқа аймақтардан келетін миллионнан астам көлік - күн сайын тығыз көлік ағынының бір бөлігіне айналады.
- "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы қаласының полицейлері жол-көлік оқиғаларын азайтуға және жолдардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстарды атқаруда. Бұл науқан Мемлекет басшысы жариялаған "Заң және Тәртіп" қағидасына сәйкес жүргізілуде. Жол қозғалысы ережелерін сақтау - өзіңіздің, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің, басқа да жүргізушілердің өміріне деген құрмет. Әрбір жылдамдықты арттыру, бағдаршамның қызыл белгісінен өту, абайсызда жасалған маневр қайғылы оқиғаға айналуы мүмкін қауіп, - дейді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Полиция жолда сақ болуға, асықпауға шақырады.
- Өтініш, асықпаңыздар, арақашықтықты сақтаңыздар, бір-бірлеріңізді сыйлаңыздар. Біздің қала ең қауіпсіз қала болсын. Балалар жүргізушінің тоқтайтынын біліп, сенімді түрде жолдан өтсін. Үйден шыққан әрбір адам қайтып келетініне сенімді болсын. Ережелерді сақтаңыз! Өзіңізге және басқаларға қамқор болыңыз, - дейді полиция қызметкерлері