Алматыда полиция банктен ақша ұрламақ болған күдіктіні ұстады
Алматыда полиция банктен ақша ұрламақ болған күдіктіні ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда полицейлер екінші деңгейлі банк бөлімшесінен қолма-қол ақша ұрлау әрекетінің бетін ашты. Қылмыс түнде жасалған.
— Белгісіз ер адам ғимаратқа терезе арқылы кіріп, одан кейін кассаға өтпек болғанымен, брондалған шыныдан өте алмаған. Бұл әрекеттің бекер екенін түсінген күдікті оқиға орнынан кетіп қалған, - деді, Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
Криминалдық полиция басқармасы Жетісу аудандық полициясымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қысқа мерзімде 32 жастағы күдікті анықталып, ұсталды.
— Аудандық жедел қызметкерлер мен біздің бөлімшенің қызметкерлерінің келісілген жұмысының арқасында ұрлық жасау әрекеті “ізін суытпай” ашылды. Бұл – профилактикалық бейнебақылаудың тиімділігінің және қызметкерлеріміздің жедел әрекет етуінің жарқын мысалы. Біз жаңа технологиялар мен цифрлық мүмкіндіктерді белсенді түрде қолданамыз.
Күдікті өз кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деді, Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.