Алматыда полиция ерлі-зайыптыға шабуыл жасаған күдіктіні қолға түсірді
Алматыда полицейлер 20 желтоқсанда қаланың Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған аса ауыр қылмыстың бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, қарақшылық шабуыл әрекеті салдарынан ерлі-зайып тұрғындар ауыр жарақат алған. Қазір олар ауруханада жатыр. Бұл қылмысты ашу мақсатында жедел-тергеу тобы құрылды. Шабуыл жасаған адамның жеке басы анықталды. Бұл – Жетісу өңірінен келген 38 жастағы азамат. Бір күн бұрын ол ұсталып, қамауға алынды.
Күдікті жақында ғана өзі барып жаңа жиһаздарын орнатып берген ерлі-зайыптыларды тонауды жоспарлағанын мойындады. Сол кезде ол жұмыс берушілердің сейфін байқап қалған. Бетін медициналық бетперде және шарфпен жасырып, жұма күні таңертең олардың есік қоңырауын басқан. Жәбірленушілерді тапаншамен қорқытқан қаскөй олардан ақша беруін талап еткен. Алайда отағасы көмекке шақыра бастады. Осы кезде күдікті ерлі-зайыптыны атып, қашып кеткен.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстың басқа да мән-жайлары анықталады.