Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтті

Алматыда полиция есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында жыл басынан бері шамамен 600 есірткі қылмысы анықталды, оның 260-тан астамы сатыға қатысты. 440-тан астам адам, соның ішінде 28 шетелдік азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

- Біз есірткі қылмысының барлық түрін тіркеп отырамыз. Соның ішінде жасырын қоймалар мен электронды төлемдер арқылы жүзеге асатын байланыссыз тарату тәсілдері де бар. Есептік кезеңде 91 есірткіні жасырын қойып кетуші ұсталды. Сонымен қатар синтетикалық есірткі дайындайтын екі зертхана жойылып, олардан қомақты сомаға бағаланатын жабдықтар мен прекурсорлар тәркіленді, – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Қаржы ұйымдарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 1,5 мыңнан астам банк картасы және 1 мыңнан аса криптәмиян бұғатталды. Заңсыз айналыммен байланысты қаржы операциялары тоқтатылып, жалпы көлемі 68 миллион теңгеден асатын қаражаттың жолы кесілді.

Полиция есірткіге қарсы профилактикаға да баса назар аударып отыр. Жыл басынан бері оқу орындарында 950-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізіліп, дәрістер, шығармашылық конкурстар, түсіндіру флешмобтары ұйымдастырылды.

Ақпараттық платформаларда, бұқаралық ақпарат құралдарында және қаладағы LED-экрандарда 1 400-ден астам нашақорлыққа қарсы материал, оның ішінде "Наркостоп" жобасының бейнероликтері таратылды.

- Біздің жұмысымыз үш негізгі бағытқа негізделеді: қылмыстық әрекетті анықтау және жолын кесу, қаржылық арналарды бұғаттау, сондай-ақ халықты ақпараттандыру және алдын алу шаралары. Алматы қаласының есірткі ахуалын тұрақтандыру, тұрғындардың денсаулығы мен болашағын қорғау үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз, – деп атап өтті Мұрат Жұмабаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру