Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ауқымды тексерісті бастады

Алматыда полиция құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ауқымды тексерісті бастады,– деп хабарлайды Polisia.kz. 

Алматы қаласында 10–12 наурыз аралығында өтетін "Қауіпсіз курьер" және "Келімсек" жедел-профилактикалық іс-шараларына ресми түрде бастау берілді. Аталған шаралар аясында курьерлік қызметтің заңдылығын тексеру, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар күшейтілді.

Іс-шаралардың басталуы Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы қатысқан полицияның кешенді күштерінің бірыңғай саптық жиынымен ерекшеленді.

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдиновтың айтуынша, жүргізіліп жатқан шаралардың басты мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу және мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

— Соңғы жылдары Алматыда курьерлік қызмет саласы қарқынды дамып келеді. Күн сайын мыңдаған қала тұрғыны тауарлар мен азық-түлік жеткізу қызметін пайдаланады. Біздің міндетіміз — осы қызметтің заң талаптарына сай жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, курьерлік қызметтің заңдылығын, пайдаланылатын көлік құралдарын және қажетті құжаттардың болуын тексеру, — деді Айдын Кабдулдинов.

Сонымен қатар "Келімсек" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының сақталуына да ерекше назар аударады.

— Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз жүрген тұлғаларды анықтау, сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу бағытында нақты жұмыстар жүргізіледі. Бұл шаралардың барлығы, ең алдымен, профилактикалық сипатқа ие және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, — деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.

Полиция азаматтар мен жеткізу қызметінің өкілдерін заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру