Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция қызметкері тұрғын үйдің өртенуінің алдын алды

Алматыда полиция қызметкері тұрғын үйдің өртенуінің алдын алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында полиция департаментінің қабылдап-тарату орнының қызметкері Абылайхан Оралбеков жедел әрекетінің арқасында тұрғын үйде үлкен өрттің шығуына жол бермеді.

Қызметтік міндетін атқарып жүрген кезінде ол қабылдап-тарату орнының қарсысындағы көпқабатты тұрғын үйден түтін шығып жатқанын байқайды. Жақын барып қарағанда, тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкеннің ағаш қаптамасы өртеніп жатқанын көреді.

Бұған дейін өрт сөндіру саласында қызмет еткен сержант жағдайға кәсіби тұрғыда баға беріп, батыл қимылдайды. Өрт сөндіргішті алып, жалынды дереу өшіруге кірісіп, оттың кең таралуына мүмкіндік бермеді. Көп ұзамай оқиға орнына өрт сөндірушілер жетіп, толық қауіптің алдын алды.

– Түтінді көрген сәтте-ақ әрбір секундтың маңызды екенін түсіндім. Өрт сөндіру қызметіндегі тәжірибем жедел шешім қабылдауыма сеп болды. Өрт сөндіргішті алып, жалынды сөндіруге кірістім. Ең бастысы – саспай әрекет ету. Қауіптің алдын алғаныма қуаныштымын, – деді полиция қызметкері Абылайхан Оралбеков.

Полиция департаментінің басшылығы сержанттың бұл әрекетін қызметтік ерлік пен кәсібиліктің жарқын үлгісі ретінде атап өтті. Мұндай батылдық өзара көмек мәдениетін қалыптастырып, жас тәртіп сақшылары мен жалпы қоғам үшін маңызды өнеге болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру