Алматыда полиция қызметкерлері ашық есік күнін ұйымдастырды
Қазақстан полициясының 33 жылдығына арналған имидждік және идеологиялық науқан аясында Алматы қалалық полиция департаменті ашық есік күнін және бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға ішкі істер органдарында қызмет етуді армандайтын мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектері көптеп жиналды. Қатысушыларға арнап кәсіби бағдар беру бағдарламасы ұсынылды. Олар көлік паркімен, арнайы техникамен танысып, қару-жарақ үлгілерін көрді. Сондай-ақ ЖҚАЖ жауынгерлері демонстрациялық қойылым көрсетіп, ведомстволық оқу орындары мен жұмысқа орналасу шарттары жөнінде кеңес берілді.
Жас қыз-жігіттер патрульдік көліктерге отырып, оқ өткізбейтін жилеттерді киіп көріп, полиция қызметінің қыр-сырымен етене танысты. Түрлі бөлімдердің мамандарына сұрақтар қойып, мазмұнды әрі нақты жауаптар алды.
— Адамдар полицияға кездейсоқ келмейді. Бұл – жүректің таңдауы. Біз халыққа адал қызмет ететін, заңды қорғай алатын, қиындықтан қорықпайтын ерік-жігері мықты жастарды күтеміз. Бүгінгі шара – мамандық таныстыру ғана емес, қоғамдық қауіпсіздік үшін жауапкершілік алуға дайын жастармен ашық диалог, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов.
Іс-шара жылы әрі мазмұнды өтті. Бұл – полиция қызметі туралы ашық әрі шынайы айту, әсіресе өмірлік жолын енді ғана таңдаған жастар үшін маңызды екенінің айқын көрінісі болды.